Білім беру кредиті – оқу ақысын төлеудің балама мүмкіндігі. 

IMG_3231.PNG

    Ағымдағы жылы білім грантына ие бола алмаған талапкерлер оқудың ақысын төлеуде қаржы жағынан қиналған жағдайда Білім беру кредиттерін кепілдендірудің мемлекеттік бағдарламасына жүгініп, жылдық 10%-дан басталатын пайыздық мөлшерлемемен 10 жылға дейінгі мерзімге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ-ның (бұдан әрі – Қаржы орталығы) кепілдігімен несие рәсімдей алады.
    Қаржы орталығының кепілдігімен ұсынылатын білім беру кредиттері талапкерлерге де, Қазақстанның бүкіл ЖОО-лары мен колледждерінің барлық оқу үлгісіндегі студенттеріне де беріледі.
    Қазіргі таңда білім беру кредиттері Қаржы орталығымен серіктес банктерде әр түрлі шарттарда ұсынылады. Бағдарламаның қолданылу ауқымы кең, серіктес банктер Республиканың барлық аймақтарында жұмыс жасайды. Кредиттің берілу механизмі бірдей: қарыз алушы банкке барып кеңес алады, ресімдеуге қажетті құжаттарды жинап, оларды банкке тапсырады.
    Білім беру кредиті қажеттілігіне қарай әр семестр немесе жыл сайын оқу орынның есепшотына аударылады.
    Алайда, Қаржы орталығының кепілдігімен білім беру кредитін алу үшін бір немесе екі қосалқы қарыз алушының болуы талап етіледі. Бұл жерде қосалқы қарыз алушының төлеуге қабілеттілігі, яғни негізгі жұмыс орны бойынша алатын табысы ескеріледі.
    Кредиттің сомасына шектеу қойылмайды, бастысы барлық оқу кезеңі үшін оқу құнынан аспаса болғаны.
    Ерекше атап кетерлігі, бұл бағдарламада жеңілдікті кезең беріледі, яғни оқу кезеңі мен оқуды бітіргеннен кейін 6 айға негізгі қарызды төлеу мерзімі кейінге шегеріледі. Кредитті кез келген уақытта мерзімінен бұрын өтеуге болады, ол үшін айыппұл санкциялары қолданылмайды.
    Білім беру кредиттерін кепілдендірудің мемлекеттік бағдарламасы арқасында студент өз күшімен өз болашағын жоспарлай алады.