AQYL - ең тиімді салымдар!

IMG_3248.PNG

Қазірде елімізде қолжетімді және сапалы білім беру үшін көптеген жағдайлар жасалуда. 
Мақсат - халықтың білім деңгейін көтеріп, сәйкесінше оның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту. Осы мақсатта елімізде Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі енгізілді. Осы жүйе арқылы Қазақстанның кез келген азаматы өзінің не балаларының оқуына қаражат жинақтай алады. 
         Бұл кез келген адам үшін таптырмас мүмкіндік.
         Білім беру жинақтау жүйесіне Қазақстанның кез келген азаматы қатысып, өзіне немесе балаларының оқуына қаражат жинауына болады. Ол үшін алдымен банкке барып, білім беру жинақтау депозитін ашасыз. Егер есепшотты өз атыңызға рәсімдейтін болсаңыз, жеке басыңызды куәландыратын төлқұжат қана қажет болады. Егер шотты балаңыздың атына ашатын болсаңыз, оның туу туралы куәлігі мен жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) талап етіледі.
         Мемлекеттік білім грантын иеленген салымшы есепшотындағы жинақталған қаражатты өзіне қайтарып алуға толық құқылы. Оған мемлекет және банктің сыйақысы бірге беріледі. Сондай-ақ, салымшы банкте қаражат жинақтауды ары қарай жалғастыра немесе оны өзге біреудің атына аудара алады. Мәселен, салымшы білім грантын иеленсе, қордағы қаржысын өзінен кейінгі бауырының атына ресімдей алады. Бұл ретте, білім беру жинақтау жүйесіне қатысушының құқығы жақсы сақталғанын атап өткен жөн. Айталық, салымшы қалаған уақытында банкке барып, жағдайына байланысты әр түрлі мөлшердегі соманы есепшотына енгізе алады. 
          Білім беру жинақтау жүйесіне қатысушының салымына жыл сайын 12% дейін банк сыйақысына қосымша 5% мемлекет сыйақысы тағайындалады. Ал жетім және мүгедек балалар, аз қамтамасыз етілген отбасылар мен көпбалалы үйден шыққан жеткіншектер үшін мемлекет тарапынан 7% сыйақы төленеді. Бұған қарап, білім беру жинақтау жүйесі бойынша салымдардың басқа депозиттерден артықшылығы көп екенін байқауға болады.
           Қуантарлығы, балаларының болашақта білім алуына жоспарлы түрде ақша жинақтау идеясы көпшілік тарапынан қолдау тапты. Қазіргі таңда 21 мыңға жуық қазақстандық осы мақсатқа депозит ашты. Жалпы, ата-аналар арасында ұл-қызының келешегін ойлап, жаңа жүйеге қызығушылық танытатындар қатарының күн санап артып келе жатқанын атап өтуге болады. Бастысы, тұрғындар білім депозиті – болашақ кепілі екенін түсінулері керек.
Қажетті мәлімет
• Білім беру депозитіне салынған қаражат 10 млн.теңгеге дейін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен сақтандырылған; 
• Бастапқы жарна 3 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 8 334 теңгені құрайды;
• Білім депозитіне қосылатын мемлекет сыйақысы 20 жылға дейін есептеледі;
• Салымшының есепшотына өзге біреу ақша сала алады;
• Білім беру жинақтау салымын ашу мәселелері бойынша 8 800 080 28 28 телефон нөміріне тегін қоңырау шалып, ақпарат алуларыңызға болады.