Баланың болашағына арналған жинақ
Қазіргі таңда адам білімінің деңгейін оның ақыл-парасатының шамасымен бағалау қалыпты құбылыс. Яғни оның IQ-і неғұрлым жоғары болса, білімі де соғұрлым терең.
Алайда, соңғы ондаған
жылдарда адамды оның миындағы реакциялар жиынтығы мен ой-өрісінің
деңгейі бойынша емес, эмоцияналды және шығармашылық тірі ағза ретінде
бағалаудың тұрақты үрдісі де қалыптасып келеді. Осының аясында тұлғаны
бағалаудың жаңа шамасы – EQ – эмоцияналды интеллект коэффициенті пайда
болды.
Адамның өз ресурстары мен білімін пайдалану қабілеті де осыған негізделеді. Күн сайын қай-қайсысымыз болсын, өз эмоциямызбен іштей таласқа түсіп жатамыз. Бір қызығы, адам миы әрқашан сезімге берілгіш. Міне, сондықтан беделді ЖОО-дан алған үздік дипломның өзі өмірде табысқа жетудің кепілі бола алмайды. Өз біліміңді ұтымды қолдану, өзіңді көрсете білу, айналаңды қорғай білу, қарым-қатынас түзу – осының бәрі үздіксіз алға қозғалудың құрамдас бөлігі.
Бала кезден қалыптасатын мінез-құлық, алатын тәрбие мен біліміміз ересек өмірімізге негіз болады. Міне, эмоцияналдық интеллекті де сол балалық шақтан қалыптаса бастайды. Ол қалай қалыптасады және оны кім қалыптастырады? Оның қалыптасуына біздің ата-анамыз бен отбасымыздағы қарым-қатынас зор ықпал етеді.
Елімізде соңғы жылдары енгізіліп жатқан білім беру жинақтау жүйесінің қаржылық ұтымдылығынан басқа, моральдық жағынан үлкен бір артықшылығы бар. Ол әрбір азаматқа өзін қамқор да, сүюші ата-ана ретінде көрсетуге, ал балаға олардың қамқорлығын сезініп, ертеңгі күнге нық сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Өйткені егер балаларымызға көбірек көңіл бөліп, олардың біз үшін маңыздылығын көрсете білсек, олардың да өздеріне және жалпы өмірге сенімділігі күшейетіні анық.
Өкінішке қарай, бүгінде тегін білім алуға үміт те, грантқа оқуға түсуге мүмкіндік те аз. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын қазақстандық түлектердің саны шамамен 150 мың адамға жетеді, олардың 30-35 мыңы ғана грант бойынша оқиды. Демек, мектеп түлектерінің 75 пайызға жуығы ақылы негізде білім алады.
Білім беру жинақтау салымдарының жүйесі бірегей болып табылады, өйткені кеңес дәуірінен кейінгі елдердің ішінде ол тек Қазақстанда ғана енгізілген. Шетелде оны 9 шақты елде қолданылады, олардың ішінде АҚШ, Англия, Канада, Сингапур.
Депозиттер жүйесі, салыстырмалы түрде алғанда, қолданылу қарапайымдылығымен қызықтырады. Білім беру жинақтау салымын ашу үшін бар-жоғы екі құжат – ата-ананың жеке куәлігі мен баланың туу туралы куәлігі ғана қажет. Бастапқы жарнаның сомасы әрбір орташа статистикалық отбасына қолжетімді және бар-жоғы 3 АЕК-ті құрайды. Бұл шамамен 6 000 теңге. Жарналар кезеңділігіне ешқандай тәуелділік жоқ, яғни әрбір салымшы өз депозитін қашан және қанша сомаға толтыратынын өзі шешеді. МБЖЖ-ның тағы бір үлкен артықшылығы – жарна енгізушілер ортасына шектеу қойылмаған. Демек, кез келген туысыңыз немесе досыңыз депозит ашылған банктің кез келген бөлімшесінде шотты толтырып, осылайша, балаңыздың болашағына өз үлесін қоса алады.
Бүгінгі таңда мұндай депозитті еліміздегі төрт банкте, атап айтсақ, Темірбанк, БТА банкі, Халық банкі және, Цеснабанкте ашуға болады. Алдағы уақытта бұл банктердің қатары көбейе түспек. Әр банктің депозит бойынша 8%-дан 10%-ға дейін өз сыйақы мөлшерлемесі белгіленген. Сонымен қатар жыл сайын банктің сыйақысын қосқандағы салымда жинақталған сомаға салымшының әлеуметтік жағдайына байланысты 5% немесе 7% мөлшерде мемлекеттен сыйлықақы есептеледі. 7% мөлшеріндегі көтеріңкі сыйлықақы жетім балаларға, мүгедек балаларға, сондай-ақ көпбалалы отбасылардан шыққан балалар мен аз қамсыздандырылған отбасыдан шыққан балаларға төленеді.
Мұндай депозиттегі жинақтардың барлығы біртіндеп көбейе береді, яғни мемлекет сыйлықақысы жалпы өткен кезең үшін жинақталған жалпы сомаға есептеледі. Осылайша, жинақтау мерзімінің соңында салымшы өзінің оқудың ақысын төлеуге жұмсайтын шығындарын кемінде 30-40%-ға қысқарта алады. Кейін бала колледждің немесе ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға түскен жағдайда банкке оқу орнымен жасалған шарттың көшірмесін ұсыну қажет. Шарттың көшірмесін алғаннан кейін банк салымшының жинақтаған қаражатын оқудың төлемі ретінде оқу орнының есепшотына тікелей аударып тұрады. Бала грантқа оқуға түскен жағдайда салымшы жинақтаған қаражатын банктің сыйақысымен және мемлекеттің сыйлықақысымен бірге қолма- қол ақша түрінде алуға, жинақты басқа баланың шотына аударуға, білімнің басқа деңгейлерін алуға, мысалға магистратурада оқуға қаражат жинақтауды жалғастыру үшін жұмсай алады.
Білім беру жинақтау депозиттерінің тағы бір қызықтырар жағы– осы қаражаттың есебінен шетелде оқудың ақысын төлеуге болатындығы. Егер жинақталған қаражат жеткіліксіз, бірақ депозитте оқудың ақысын толық төлеуге қажетті соманың 50% бар болса, салымшы мемлекеттің 100% кепіл болуымен төменгі мөлшерлеме бойынша кепілзатсыз кредит ала алады. Бірақ бұл шарт ҚР аумағында ғана білім алуға қолданылады.
Бүкіл дағдарыс, күйзеліс пен кедергілерге қарамастан адам баласы болашаққа ұмтылыстың негізінде әрекет етеді. Әр нәрсенің өз жалғасы бар. Ал біздің жалғасымыз – балалар! Болашақ қазір басталады, ертеңгі күнің сенімді болсын десең, бүгіннен баста!