«Қаржы орталығы» АҚ ЕҰУ-де ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді
2026 жылғы 4 қарашада «Қаржы орталығы» АҚ өкілдері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді. Кездесуге 800-ден астам бітіруші курс студенті, магистрант пен докторант, сондай-ақ Мансап орталығының өкілдері қатысты.
Іс-шарада мемлекеттік білім беру грантын міндетті түрде жұмыспен өтеу мәселесі талқыланды. Қатысушыларға Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында белгіленген талаптар, биылғы өзгерістер және грант бойынша міндеттемелердің орындалуын бақылау тәртібі түсіндірілді. Сонымен қатар жұмыспен өтеу мерзімі мен тәртібі, ресми жұмысқа орналасу талаптары, қажетті құжаттар және оларды тапсыру рәсімдері сөз болды. Міндеттемені орындаудан босату немесе оны кейінге қалдыру негіздері де қарастырылды.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жауап алды. Сондай-ақ нақты жағдайлар бойынша жеке кеңестер берілді. Тараптар осындай кездесулерді алдағы уақытта да өткізуге уағдаласты.